ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Ескеевті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының 2019 жылғы қортындылары жайында баяндалып, Smart city тұжырымдамасының орындалу барысы, «Смарт Ақкөл» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Сонымен қатар Қуанышбек Ескеев Қазақстан Президентіне «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Kcell» және «Tele2» компанияларының акцияларын сатып алғаны, олардың жұмысын интеграциялау шаралары, мобильді қызмет жобасының жүзеге асырылуы жөнінде де мәлімет берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қуанышбек Ескеевке елді мекендерді толықтай мобильді байланыспен қамтамасыз етіп, ауылдардағы мектептер мен медициналық пункттерге интернет желісін жеткізуді, сондай-ақ, олардың бағасын қымбаттатпауды тапсырды.