Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа экологиялық сана-сезімді сіңіру керектігін айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларына сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Кең ауқымды өтіп жатқан «Бірге таза Қазақстан» экологиялық акциясының дәл осындай бағыттары өте қажетті дұрыс бастама деп санаймын. Мұндай шараларға әрқашан қолдау көрсете береміз», - деді Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандықтар балаларына экологиялық сана-сезімді, тұрмыстық тазалықты, гигиенаны сақтауды сіңіруді, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын ұқтыру керектігін атап өтті.
Еске сала кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тамыз конференциясы өтіп жатыр.