24 қыр, 2021 сағат 10:40

Тоғжанов: Жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар


Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты тапсырмасын орындау бойынша арнайы кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің сайты хабарлайды.

«Бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай, жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар. Тек осы жылдың өзінде елімізде 8,5% өсіммен 5 мың есірткі қылмысы анықталды. Бізге бұл бағытта күресу үшін жүйелі шаралар қажет», — деп атап өтті оғжанов. 

Құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсыма берілді: 

- телекоммуникация желісінде, оның ішінде интернет-боттарды және басқа да автоматты бағдарламаларды пайдалана отырып жасалатын есірткі қылмысының жолын кесу; 

- тиімді мемлекеттік және әлеуметтік бақылауды белгілей отырып, нашақорлықтың бастапқы профилактикасының теңгерімді жүйесін құру; 

- есірткіге тәуелді адамдарды емдеу әдістерін жетілдіру, аумақтық сот сараптамасы органдарының мемлекеттік есірткі диспансерлерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту; 

- құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ошақтарын анықтау үшін қашықтан зондтау жүйелерін пайдалануды кеңейту; 

- есірткі заттарын шетелден әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау. 

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы жүйелі шаралар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды тапсырды.