28 қаз, 2020 сағат 22:31

ТМД елдері коронавируспен күрестегі ынтымақтастықты талқылады

Бүгін бейнеконференция режимінде ТМД Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің ХХХІІ отырысы өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысушыларға коронавирустың ықтимал екінші толқынына еліміздің дайындық барысын баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Пандемияның алғашқы апталарынан бастап ел Үкіметі күш-жігерді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфекцияның таралуына қарсы шаралар әзірлеуге бағыттады. ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Ведомствоаралық комиссия құрылды, COVID-19 мәселелері бойынша жедел штаб жұмысын бастады. Сондай-ақ министрлік жанынан эпидемиологиялық ахуал бойынша сарапшылардың республикалық штабы құрылды», - деді А.Цой.

Министр атап өткендей, аз уақыт ішінде республикада халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 16 инфекциялық кешен салынды. Айына 60 мыңға жуық науқасты COVID-19 инфекциясынан емдеуге арналған дәрі-дәрмектің екі айлық қоры құрылды. Қосымша санитарлық көліктер сатып алынды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне 100 мобильді медициналық кешен жеткізілді. 

Отырысқа Кеңес мүшелері мен Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан, сондай-ақ ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросы, ТМД және Еуразия онкология және рентгенологиялық радиология орталықтары мен институттарының директорлары қауымдастығы, Халықаралық федерация мен Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары, мүдделі ұйымдар мен ведомстволардың өкілдері қатысты. 

Қатысушылар коронавирус инфекциясымен күресте ТМД-ға мүше мемлекеттердің өзара байланысын дамыту, сондай-ақ қант диабетінің алдын алу және емдеу бойынша ТМД ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. 

«Отырысқа қатысушылар ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының Қоғамдық денсаулық сақтау жүйелерінің ұлттық функционалдық әлеуетін бақылау және мемлекеттік деңгейде COVID-19 инфекциясын алдын-алу шараларын мониторингілеу және бағалау бойынша үздік тәжірибелерді анықтау мақсатында ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы ұсынысты бірауыздан мақұлдады. 

ТМД мемлекеттерінде COVID – 19 эпидемиологиялық, клиникалық және ғылыми деректерді жинау, талдау мақсатында Кеңеске 2020 жылғы 25 желтоқсанға дейін жіті респираторлық инфекциялар мен тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық көтерілуі кезеңінде коронавирус инфекциясының ерекшеліктері және ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде популяциялық иммунитеттің жай-күйі туралы талдамалық ақпарат ұсыну тапсырылды. 

Сонымен қатар, кездесу қорытындысы бойынша ТМД–ға қатысушы мемлекеттердің қант диабеті мәселелері жөніндегі сарапшылар кеңесіне 2016-2020 жылдарға арналған қант диабетінің алдын алу және емдеу жөніндегі бағдарламаның орындалу қорытындылары туралы ақпаратты және статистикалық деректерге талдау жасау тапсырылды», - делінген ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратында.