«Кинематография туралы» заң жаңа күшіне енгенімен кинотеатрларда фильмдер қазақ тіліне неге сапасыз аударылып жатыр? Бұл сұраққа Facebook-тағы парақшасында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айта кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желінің қолданушылары кинотеатрларда фильмнің қазақ тіліндегі титр арқылы берілуіне қатысты шағым білдірген еді. Олардың жазуынша, титр тым сапасыз аударылған. Тіпті титр сөзінің ішінде қазақ тіліндегі сөзбен аралас орыс тіліндегі сөздер де жүр.
«Кинокөрсетушілер фильмдердің қазақ тіліне аударылуын қамтамасыз ету барысында туындаған мәселемен бөліскім келіп отыр. Биыл қабылданған «Кинематография туралы» заңға сәйкес прокаттағы фильмдерді титр беру немесе дубляж арқылы мемлекеттік тілге аударуды кинопрокат құқығын иеленуші дистрибьютор қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тілге кәсіби дубляж жасалған фильмдердің сирек кездесуінің себебін түсіндіруде дистрибьюторлар оның қымбатшылығына сілтейді. Дубляжға жұмсалған қаржы фильмнің Қазақстандағы көрсетілімінен түскен пайдадан асып түсуі мүмкін, сондықтан көбінесе титр арқылы аудармаға жүгінеді», - деп жазды министр.
Арыстанбек Мұхамедиұлының жазуынша, өкінішке қарай, фильмдерді қазақ тіліне аударғанда кейбір кинокөрсетушілер тарапынан қателерге жол беріледі.
«Мысалы, «Мумбай отелі: Тайталас» фильмінде осы жағдай кездесті. Көрермендерден түскен шағымдар негізінде аталған фильмнің прокатқа берілген куәлігін алып қою туралы шешім қабылдадық. Кинопрокат құқығын иеленушілерге фильмдерді мемлекеттік тілге грамматикалық қатесіз, мағынасын түсінікті етіп, көрермендердің ренішін тудырмайтындай қылып аударуды өтінемін. Қатаң шара қолданғымыз келмегенімен, «Кинематография туралы» заңның іске асуы біз үшін өте маңызды. Сіздер түсіністікпен қабылдайды деп сенемін», - деді министр.