Әлеуметтік желілерде Мұнайлы ауданы Маңғыстау селосының 1984 жылы туған тұрғыны вакцинадан қаза болды деген жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Фейк ақпаратты таратушылар тірі адамның суретін салып қойған. Бұл туралы оның әйелі хабарлады.
«Суреттегі менің жолдасым Сугурбаев Бахытжан Чокырбаевич 1984 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген.
Әлеуметтік желіде тараған аудио жазбаның артына тіркеп суретті таратып жіберген. Тірі адамды қайтыс болды деп. Қайтыс болған басқа адам, біз оны танымаймыз. Алла Бахытжанның деніне саулық, ұзақ өмір берсін. Ақпараттың шындық екеніне көз жеткізіп барып таратыңыздар», - деді ол.
Қазір мән-жай Маңғыстау облысының Полиция департаментіне хабарланды.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау тұрғынының екпеден қайтыс болғаны жайлы ақпараттың жалған екенін хабарлаған болатынбыз.