Бүгін әскери авиация тікұшағымен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Ми-8 тікұшағы апатқа ұшыраған жерге барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ведомство басшысы апат орнында жұмыс істеп жатқан мамандардың баяндамасын тыңдады.
«Сапар барысында Қорғаныс министрі: Апат себебі толық анықталғанша бір типті тікұшақтардың (МИ-8, МИ-17, МИ-171) ұшуларын уақытша тоқтатуды, сондай-ақ «Алтын Жебе» жаттығулары кезінде аталған тікұшақтарды қолдануды тоқтата тұруды; авиациялық апаттың жан-жақты әділ тексерілуін ұйымдастыруды және өткізуді, рейсті жүзеге асыруға тартылған барлық қызметтер мен лауазымды тұлғалардың әрекеттерін бағалауды және авиациялық апатқа әкеп соққан барлық жағдайларды белгілеуді тапсырды, - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, министр қауіпті ауа райы құбылыстарына ұшыраған жағдайда, ұшу және инженерлік-техникалық құрамдармен қосымша тренаж ұйымдастыруды бұйырды. Одан бөлек, сот сараптамасын жүргізу, тергеу органдарымен келісім жасай отырып, мәйіттерді жерлеу орындарына жеткізуді қамтамасыз ету туралы бұйрық берілді.
«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жерлеуге арналған жер телімдерін бөлу мәселесін шешу және әскери әдет-ғұрыптарды сақтай отырып, әскери қызметшілерді жерлеу керек. Әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мен қаза болған әскери қызметшілердің жақындары мен туыстарына психологиялық, материалдық және басқа да көмек көрсетуге, заңмен белгіленген барлық әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдерді жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.
Әскерилердің отбасыларына көмек пен қамқорлықты ұйымдастыру мен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін командалық құрамның арасынан жауапты лауазымды тұлғаларды тағайындау туралы шешім қабылданды. Қорғаныс министрлігінің арнайы құрылған комиссиясы қайғылы оқиға орнында өз жұмысын жалғастыруда.