Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская Александр Лукашенконы биліктен кетіруге бағытталған жалпыұлттық ереуіл “енді ғана басталды және барған сайын ауқымы кеңейе береді” деп мәлімдеді. 26 қазанда елде мыңдаған жұмысшы, студент, зейнеткер оппозиция шеруін қолдап, көшеге шыққан.
“Бүгін батылдық танытып, ереуілге шыққан әрбір белоруспен мақтанамын” деді Тихановская. Ол елдегі барлық адам көшедегі наразылыққа қосылуы тиіс деді.
“Жалпыұлттық ереуілге қосыл. Бұл режимді құлатудың жалғыз жолы және белорус халқы, бәріміз, бірігіп, жаңа әрі еркін, қауіпсіз мемлекет құрамыз” деді көрші Литвадан Беларусьтегі жақтастарына Zoom арқылы шыққан оппозиция жетекшісі. Ол 9 тамызда өткен президент сайлауынан кейін билік қысымымен көрші мемлекетке кетуге мәжбүр болған.
Ол "ереуіл сәтсіз басталды" деген режим жақтастарының сөзін елемей, белорус халқын құқықтарын талап етуге шақырды.
Осыған дейін Тихановская Александр Лукашенкоға ультиматум қойып, 26 қазанға дейін биліктен бас тартып, сасяи тұтқындарды босатуды талап еткен. Билік талаптарды орындамаса, елде жалпыұлттық ереуіл басталып, жолдар жабылады, мемлекеттік кәсіпорын өнімдеріне бойкот жарияланатыны айтылған еді.
25 қазан жарым түнге дейін биліктен кетуі тиіс деген оппозиция талабын қабылдаудың орнына Лукашенко 26 қазанда наразыларды бақылайтын арнайы жасақ санын көбейтті. "Весна" құқық қорғау тобының мәліметінше, дүйсенбі күні Минск, Гродно, Брест, Лида және өзге қалаларда 300-ден астам адам ұсталған.