15 қыр, 2020 сағат 13:47

Тихановская: Лукашенконың биліктен бас тартуы уақытқа ғана тіреліп тұр

Беларусьтегі президент сайлауына қатысқан Светлана Тихановская президент Александр Лукашенконың биліктен бас тартуы уақытқа ғана тіреліп тұр деп мәлімдеді. The Washington Post газетіне арнап жазған мақаласында Тихановская "мемлекет үгіт-насихатын үйіп-төксе де" уақыт оппозиция жағында деді.

Ол мақалада режимді "саз балшықты алып мүсінге" теңеген. 

Тихановскаяның айтуынша, оппозиция билік қысымы мен Ресей журналистерінің өтірігі мен үгіт-насихатына қарамастан Беларусьте бейбіт шерулерін өткізіп, құқықтарын талап ете береді. 

"Көбі осы жеткілікті ме деп сұрайды. Мен "иә" деп жауап беремін. Біз ұлт ретінде қайта орнына келмейтін "нүктеден" өтіп кеттік. Лукашенконың ел басшысы ретінде болашағы жоқ" деді Тихановская. 

Ол сонымен бірге өзге ел үкіметтерін "режимен әріптестікті тоқтатып, сайлау қорытындысын бұрмалаған, өз азаматтарына қарсы қылмыс жасаған адамдарға санкция салуға" шақырған. 

Тихановскаяның сөзіне қарағанда, қазіргі билікпен келісім жасаған өзге елдер тәуекелге барып, өздерін қауіпке итермелейді. 

14 қыркүйекте Сочиде Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко кездескен. Онда Мәскеудің Минскіге 1,5 млрд доллар көлемінде несие беретіні белгілі болды. 

Бұл хабарламаға байланысты пікірін айтқан Тихановская Ресейге несиені Лукашенко емес, беларусь халқы қайтаруы тиіс болады деген. Ол ресей азаматтары төлеген салық есебінен шеруге шыққандарды ұрып-соғады деп те айтқан.

"Бұл Лукашенкоға біраз тырмысуға мүмкіндік беруі ықтимал, алайда ол халықтан жеңісті тартып ала алмайды" деді Тихановская.

Беларусьте 9 тамыздан бері президент сайлауының қорытындысына наразылық жалғасып келеді. Сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайтын наразылар жаңадан сайлау өткізуді талап етіп отыр. Жүздеген мың адам Лукашенко отставкасын, саяси тұтқындарды және наразылық кезінде ұсталғандарды босатуды да талап етеді.

Азаттық