Полиция өкілдері тікелей эфир кезінде жерге түкірген депутат Ерлан Саиров қалай жазаланғанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"Полиция департаменті бейнені зерттеді. Жалпы пайдалану орындарының ластану фактісі бойынша осы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. 5 АЕК (15 315 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды", - дейді Павлодар облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі.
Еске салайық, 28 қараша кешкі эфир барысында депутат Екібастұздан тікелей эфирге шыққан. Ол журналиспен сөйлесіп жатып жерге түкіріп жіберген. Көрермендер бұл сәтті бірден байқап, видеоны кесіп алып, әлеуметтік желіде таратып жіберген.
Кейінірек Ерлан Саиров халықтан кешірім сұрауға да, айыппұл төлеуге де дайын екенін айтқан болатын.