27 қаң, 2025 сағат 13:39

«Теміртас» қойылымындағы басты кейіпкер – ән, әуен, домбыра


Алатау дәстүрлі өнер театрында «Теміртас. Біржан сал» қойылымының премьерасы өтті. Ult.kz тілшісі премьераны тамашалап, барлық қоюшы авторлардың пікірін тыңдап қайтты.


Теміртас – қазақтың дәстүрлі өнеріне, Біржан салдың әндеріне арналған философиялық туынды. Бүл спектакльде қазақ халқының рухани дүниесінің тұмары болған домбыраның құдіреті мен Алты Алашқа аты шыққан тұлғаның өлмес мұрасы жаңаша өрнектеледі.




Әуен, домбыра, ән – мұнда басты кейіпкер. Қойылым қазақ ән өнерінің тереңдігін, Біржан сал шығармаларының тууы мен даму жолын, мұңы мен зарын, олардың қоғамдағы ерекше орнын зерттейді.


Бұл жерде әрбір әннің жүрегі бар: ол күледі, жылайды, мұңаяды, сөйлейді. Әндердің ішкі драмасы мен трагедиясы ашылып, көрерменнің жан-дүниесін терең толқытады, рухани тереңдікке жетелеп, ұлттық өнердің шексіз мүмкіндіктерін ашады.


«Теміртас» –  бұл қазақ домбырасының реквиемі, ұлттық мұрамыздың философиялық үн қатуы. Бұл жерде домбыраның қоңыр үні мен Біржан салдың әндері арқылы тарих сөйлейді, ұлы даланың үні естіледі.


Ендеше спектальді қойған мамандарға сөз берейік:



 

Фархад Молдағали, режиссер:

 

Дәстүрлі өнер театры – қазіргі уақыттағы заманауи театрмен қалай үндестік табуға болады деген сұраққа жауап. Дәстүрлі өнер театры болғаннан кейін сахнада бірден барлық адам ойнай алатын бірден бір театр осы. Бұл театрда дәстүрлі әншілер де бар, хореографтар да, бишілер де бар, ақындар мен актерлар да бар. Теңдессіз ерекше ансамбль бар. Осы барлық процестің кезінде, әрбір бөлімдер ішінде ансамбльді жеке атап өткім келеді. Сонымен қатар ансамбльге осы процесс үшін рақмет айтамын. Осы дүниелердің барлығының басын біріктіру маңызды болды. Сондықтан менің миссиям  дәстүрлі өнер театрына лайықты спектакль қою. Өйткені бұл жерге келіп, Чеховтың  «Апалы-сіңлі үшеу» немесе басқа да қойылымдарды қоя алмайсың. Сондықтан осы дүниелерді жеткізгіміз келді. Осының барлығының басын біріктіру мақсатына жеттік деп ойлаймын.

 

Нәсіпжан Басшыбай, көркемдік жетекші:

 

Бұл жас театр, әлі он жыл толған жоқ. Соның өзінде он алтыншы қойылым. Дәстүрдің сақталмауы ұлттың жойылуы дейді. Сондықтан біздің бірден бірегей Орталық Азиядағы мақтанатынымыз, біздің ұлттық өнерімізді дәріптеу, бабалардан қалған аманатты ары қарай жалғау. Сол бағытта осындай үлкен туындыларды, тарихи тұлғаны, соның әндерін сахнаға алып келу біздің театр үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Көрермендеріміз жаңа, заманауи, жас та, үлкен де көретін тамаша дүние болғалы тұр. Сондықтан режиссерімізға, композиторымызға, қоюшы-суретші мен пластика режиссеріне алғыс білдіреміз. Жұмыс барысы өте жақсы жүрді. Шыны керек, мұны әншілерден құралған бесаспап таланттар тоғысқан театр деп айтуға болады. Барлығы тірі дауыста өнер көрсетеді.

 


"Өмір мен өлімнің арасындағы қақтығыс"


Қарагөз Сүлейменова, Алатау театры директорының орынбасары:

 

Әрине, Алатау дәстүрлі театры ол дәстүрдің негізін ұстайтын театр. Соны паш ететін, халықтың көкірегіне жол табатын театр. Бірақ бүгінгі күні біздің жастарымыз да өсіп келе жатыр. Адамның санасы да күрделеніп жатыр. Ендеше осындай спектальдер қажет деп ойлаймын. Кейгі кездері сөз көп жерде - ой сыртта қалып қалады. Ал сол ойды сөзбен емес, басқа үлгіде көрсету ол режиссердің, автордың, оған қосалқы үлкен көмек болатын композитордың еңбегі, солардың пәлсапасы.
Жалпы «Теміртас» әні ол мәңгілік әндердің бірі. Ол өмір мен өлімнің арасындағы қақтығыс, ой санасының арпалысуы, адамның өмірден өтіп бара жатып, соңғы шыңғырған дауысы сияқты. Қазақтың Біржаны мен Ақаны жазған әндері осындай. Мағынасы үлкен пәлсапаға құрылған, өмірден гөрі өлімді көбірек ойлаған дүниелер.
Ендеше бұл спектакльдің формасы да жаңа, қойылу үрдісі де жаңа, өздеріңізге жақсы әсер етеді деген ойдамын. Дәстүрлі өнер театры өзінің бағытынан айнып жатқан жоқ. Ең алдымен осыны айтқым келеді. Бірақ жаңа форманы көру, ол да маңызды. Себебі, бүгінгі күні әлем өзгеріп жатыр. Ендеше біз де әлемдік театр процесіндегі жаңа баспалдақтарды көруіміз керек.

 

Серікжан Айтқали, композитор:

 

Спектакль музыка жағынан алғанда да жаңа формада. Үлкен эксперименттік құралдар қолдандық. Көбіне әнмен қолдандық. Дәстүрлі әнге билеу, дәстүрлі әнге қозғалу және оны гитарамен, электрогитарамен, ұрмалы аспаптармен, фольклорлық аспаптармен эксперимент жасадық. Спектакльде театрдағы жаңа, басқаша көзқарас шықты деген ойдамыз.

 

Әділет Таменов, пластика режиссері:

 

Жалпы спектакльді алатын болсақ, Фархад, Серік бауырым үшеуіміздің екінші жұмысымыз. Би жағынан, пластика жағынан қарасақ, бидің формасы – заманауи би. Мимика жағынан басып озады. Жалпы, биде де, музыкада да өзгеріс бар, осы жағынан біз жаңа бір дүние жасадық деп ойлаймын. Негізінде үлкен жұмыс атқарылды. Әншілер, бишілер, актерлар бәрі бір организм болып, жұмыс істедік. Қиындықтар болды, бірақ бәріміз бірге командалық жұмыс атқарып, жеңіп шықтық деп ойлаймын.

 


ол арқан қолымызға әлі батып жүргенін көрсетеді"


Бақыт Беделхан, автор:

 

Бір «Елім-айдың» өзі «Ақтабан шұбырындының» бүкіл мұң-қайғысын арқалап тұрған ән. Дәл сол сияқты тарихымызды тәпсірлеп, тамырын басатын талай-талай әндер бар. «Теміртас» деп алынған себебі, ішінде Жанбота бар, Айтбай бар, соның барлығын алғанда, бұл бір ғана «Теміртас» арқылы кешегі аштық болсын, репрессия болсын, соғыс болсын, полигон болсын, кешегі Желтоқсан оқиғасы, тіпті Жаңаөзен мен Қаңтарға дейінгі дүниенің бәрін қамтуға болатын ән екенін білеміз, түсінеміз. Қойылымдағы «қолымды шеш, қолыма арқан батты» деп отырғаны, сол арқан қолымызға әлі батып жүргенін көрсетеді. Шешілген жоқ. Соның бәрі осы әннің астарында айтылады деп ойлаймын.


Ақбота Мұсабекқызы

Суреттерді түсірген  Мақсат Құсайынов