Тау қойнында, үш өзеннің тоғысқан тұсында орналасқан Текелі қаласына сәті түсіп, сапарлап бардық. Жетісу жеріндегі ең ұзын көшесі бар моноқаланың тыныс-тіршілігімен танысып, көз тартар нысандарына көңіл көншітіп қайттық.
Бізді Текелі қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғалым Қызылбаев күтіп алды. Қаладағы қайта жөндеу жұмыстарынан өткен нысандарды аралауды бірден бастап кеттік. Алдымен, Ардагерлер саябағына ат басын бұрдық. Жеңіс көшесінде орналасқан Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне орнатылған ескерткіш, кіреберісте үлкен 6 және кіші 2 қақпа менмұндалап тұр. 2016 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ардагерлер саябағы бүгінде қала көркіне айналған.
Текелідегі үйлердің ауласында балалар шат-шадыман шаттыққа бөленіп, асыр салып ойнап жүр. Тәуелсіздік көшесіндегі №24 үйге қарсы орналасқан ойын алаңқайына көзіңіз түспеуі мүмкін емес. Сырғанақ, әткеншектің екі түрі, кішкене мұнаралардан тұратын үйшіктер, темірден жасалған жаттығу, ойнау құрылғылары тұр. Ойын алаңқайындағы құрылғылар жөнделіп, қайта қалпына келтіріліпті. «Бар жақсымыз балаларға» деген осы шығар. Текелі қаласының №4 балабақшасына бас сұқтық. Аулада балалардың риясыз күлкісі естіледі. Жалпы Текелі қаласында бес балабақша жұмыс істесе, соның төртеуі мемлекет қарауында, біреуін жеке кәсіпкер тұрғызыпты. Біз есігін аттаған №4 балабақша 2012 жылы «Балапан» бағдарламасымен іске қосылған. Меңгеруші Жәмила Тұрарқызы балабақша пайдалануға берілген күннен бастап қызмет істеп келеді. Бүгінде балабақшада 140 бала бар, олар алты топқа бөлінген. Ойын алаңдары есіктен кіргеннен ерекше әсер беріп, шаттық сезімге бөлейтінін айтты.
Мәдениет және демалыс орталығына кіргенде алдыңыздан құлынды бие мен таутекенің мүсіні шығады. Жалпы саябақ ішіндегі бұғы мен жолбарыс, қар барысы, түйе, қанатты барыс сияқты мүсіндер келушілерге ерекше әсер етеді. Саябақтың ортасындағы үлкен субұрқақ та көзге бірден түседі. Саябақ ішін аралап жүргенімізде «Қара жорға» әнінің сазын әуелетіп, үш киіз үйді ұлттық нақышта безендірген қымыз сатушыларға көзіміз түсті.
Саябақта балалардың жаз бойы еркін ойнауға мүмкіндіктері бар. Кіреберісіндегі есікте: «Ертегілер еліне қош келдіңіз!» деген жазу тұр. Тап бір ертегілер еліне сапар шегіп жүргендей сезінесіз.
Келесі көз тоқтатқан нысан – су электр стансасының құрылысы. «АСПМК-519» ЖШС Қора өзенінен қуаттылығы 21,5 МВт болатын СЭС құрылысын жүргізіп жатыр. Болашақта қала тұрғындары қуат тапшылығын көрмейді деген сөз. Текелі мен Шажа қосылып, Қора өзеніне тоғысқан тұстың көрінісі ғажап!
Ғалым Төлегенұлы өзі аралатып, мән-жайын айтқан бес нысан бізге ерекше әсер етті. Одан кейін қала әкімі Бақтияр Өнербаев журналистерді қабылдап, ілтипат көрсетті.
– Мәдениеттілік амандасудан басталады. Қазір бір кіреберісте тұрып, күнде кездессе де амандаспайтын адамдар бар. Таңғаламын. Мәдениетті әркім өзінен бастауы керек, бүгін көршіме мен бастап амандассам, ертең ол амандасады. Ең алғаш Текеліге студент кезімде келдім, табиғатын керемет ұнаттым. Бірақ осы қаланың әкімі боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Есімде, сол бір жылдары аналарымыз, әжелеріміз үйіндегі қоқысты шелекпен алып шығып, арнайы көлікке тиеп жіберетін. Қазір, керісінше, үйінің жанында тұрған қоқыс жәшігіне салуға ерінеді, көлігінің терезесінен лақтырып тастайтындар да бар. Біз Швейцарияға қызығамыз, оны да жасаған адамдар ғой. Біздің де қолымыздан келеді. Ескірген, қираған ғимараттарды қалпына келтіріп, жөндегім келеді. Бұл орайдағы жұмыстарды бастап кеттік. Нәтижесі жақсы, – деді Текелі қаласының басшысы.
Бүгінде Текеліде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 430,4 миллион теңгеге 80 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Ол мұқтаж жандарға, зейнеткерлерге және жас мамандарға беріледі. Қалада Неке сарайын, үлкен кітапхана, архив ғимаратын салу – әкімнің арманы. Бүгінде тозығы жеткен қауіпті тұрғын үйлер тізімге алынған. Ондай үйдің тұрғындарына қаланың келесі аумағынан жер, болмаса үй беру жайы қарастырылуда.
Биыл 20 қазанда облысымызда бүкіл аудандардың, қалалардың қатысуымен халықаралық туристік форум өтеді. Бұл – туризмді дамытудың бастамасы. Біз қойған сұрақтарға тұшымды жауап берген Бақтияр Әлтайұлына алғысымызды білдірдік. Сол күні Текелі қаласының әкімі Ресейден келген кәсіпкерлермен қоқысты қайта өңдеу және оны пайдаға жарату мәселелері бойынша жолығып сөйлеспек екен. Бұл – күн сайын атқарылып жатқан игілікті істердің бірі ғана.
Істері ілгерілеп келе жатқан Текелі қаласының бүгінгі көрінісі, тыныс-тіршілігі, міне, осындай.
Серік ҚАНТАЙ