13 нау, 2024 сағат 14:14

Тәжікстанға Қазақстаннан гуманитарлық көмек жеткізілді


Душанбеде гуманитарлық көмекті ресми тапсыру рәсімі өтті.

Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі директорының орынбасары Сохибжон Зиёдуллоевке 15 мың тонна мазут сертификатын салтанатты түрде табыс етті.

Уәлихан Төреханов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Тәжікстан Республикасына елдің маңызды энергетикалық нысандарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 2 миллиард 542 миллион теңге (5,65 миллион доллар) көлемінде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Гуманитарлық жүктерді жеткізу KazAID халықаралық даму жөніндегі Қазақстан агенттігінің көмегімен жүзеге асырылды.

2006 жылдан бері Қазақстан тарапының Тәжікстанға ақшалай жеткізген гуманитарлық көмегінің жалпы көлемі 50 миллион доллардан асқаны аталып өтті.