Тәжікстандағы сот елге танымал діндар Сироджиддин Абдурахмоновты бес жарым жыл түрмеге қамады. "Азия-Плюс" агенттігі Душанбедегі соттағы дереккөзіне сілтеп, діндардың "елде тыйым салынған "Салафия" қозғалысының жұмысына араласты" деп сотталғанын хабарлады.
Ал соттағылар Азаттықтың Тәжік қызметіне Абдурахмоновтың "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды" деген айыппен сотталғанын айтқан.
2009 жылы Тәжікстан жоғарғы соты "Салафия" қозғалысының жұмысын заңсыз деп танып, қызметіне тыйым салған.
Елдегі салафиттердің бейресми лидері саналатын Абдурахмонов былтыр 12 қарашада Душанбедегі үйінде ұсталған. Ол ұсталғанға дейін Youtube желісіндегі каналда діни сұрақтарға жауап берген.
Абдурахмонов 2009 жылы да ұсталып, "ұлттық және діни араздықты қоздырды" деген айыппен жеті жылға сотталған. Ол түрмеде үш жыл отырып, 2013 жылы президенттің рақымшылығымен қамаудан босап шыққан.
Діндар 2019 жылы сәуірде 18 минуттық видео жариялап, Тәжікстан билігінің ұялы интернеттің бағасын көтеру бастамасын қолдаған. Ол интернетті "ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салуға себеп болатын" "ғасыр обасы" деп атаған.