Тәжікстан президентінің үлкен ұлы, Душанбе мэрі Рустам Эмомали тәжік парламентінің жоғары палатасы - Мажлис Миллидің спикері болып сайланды.
17 сәуірде парламенттің жоғары палатасының (алтыншы шақырылым) алғашқы сессиясы өткен. Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рустам Эмомалидің кандидатурасын депутат Одилзода Дилбар Рахим ұсынған. Құпия дауыс беру кезінде палата өкілдерінің барлығы 32 жастағы астана мэрін қолдаған.
2000 жылдан бері парламенттің жоғары палатасының төрағасы Махмадсаид Убайдуллоев болған. Тәжікстан Конституциясына сәйкес, егер президент міндетін орындауға шамасы келмесе немесе өз еркімен қызметінен бас тартса, жоғары палатаның спикері мемлекет басшысы орнына келеді. Рустам Эмомали жоғары палатаға 27 наурызда мүше болып сайланған, оған дейін Душанбе қалалық мәжілісінің депутаты болған.
Кейбір сарапшылар Рустам Эмомалиді Тәжікстан президентінің мұрагері деп санайды. Тәжікстанда президент сайлауы 2020 жылы күзде өтуі тиіс, бірақ әзірге Рахмон да, оның ұлы да оған қатысатынын айтқан жоқ. Эмомали Рахмон Тәжікстанды ширек ғасырдан астам уақыт бойы басқарып келеді.
2016 жылы мамырда өткен бүкілхалықтық референдумның ресми қорытындысы бойынша, Тәжікстан тұрғындарының көбі "Рахмонның өмір бойы қызметінде қалуын қолдаған". Халықаралық құқық қорғау ұйымдары президент Рахмонды азаматтық қоғамдық өкілдерін қудалайды, діни ұйымдардың құқығын таптайды деп айыптайды.
Рустами Эмомали 1987 жылы 19 желтоқсанда туған. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Азизмо Асадуллоеваның тоғыз баласының (екі ұлының үлкені) бірі.
Ол Тәжікстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 4 сәуірдегі Жарлығымен Душанбе қаласының басшысы болып тағайындалған болатын.