24 сәу, 2020 сағат 03:37

Тәжікстан президенті диқандарды ораза ұстамай, жұмыс істеуге шақырды

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон диқандарды Рамазан айы кезінде ораза ұстамай, егіс алқаптарында жұмыс істеуге шақырды. 

Тәжікстан билігі елде коронавирус барын жоққа шығарып келеді. Дегенмен 23 сәуірде Рахмон ораза ұстау "жұқпалы ауру инфекциясына төтеп беруге кедергі келтіреді" деді. 

"Елде [COVID-19] ауруы тіркелмеді екен деп қол қусырып отыруға болмайды" деді ол. 

Тәжікстан коронавирус жоқ деп ресми хабарлағанмен шекараларын жауып, вируспен күрес шараларын жүргізіп жатыр. Тәжікстанның ресми дін қызметкерлерінің сөзіне сілтеме жасаған Эмомали Рахмон ораза ұстау "фермерлер мен бақташыларға, көп жұмыс істейтін адамдарға зиянды" деді. 

"Егіс алқаптарында жұмыс істеп жатқан адамдарды өздері мен отбасының денсаулығын ойлап, осы рұқсатты пайдаланып, жағдай тұрақталғанға дейін оразаны шегеруге шақырамын" деді ол.

Бұрынғы совет республикасы ғаламдық індет кезінде коронавирустың экономикаға ықпалын азайту үшін халықаралық донорлардан шұғыл көмек сұраған. Тәжікстан импортты өтеу үшін шетел валютасымен қиындыққа ұшырауы мүмкін. Себебі пандемияға байланысты Ресейдегі тәжік мигранттарынан түсетін табыс көлемі азайған.

Тәжікстанда жұмыс күшінің 65 пайызы ауыл шаруашылық саласына тартылған. 

АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі комиссиясының 2019 жылғы есебінде Тәжікстан дін еркіндігін шектеп, діни көзқарасы үшін адамдарды қудалайтын мемлекет ретінде аталған.