10 қар, 2020 сағат 10:00

Таулы Қарабаққа 2 мың ресейлік бітімгер сарбаз жетті

Таулы Қарабаққа ресейлік бітімгер сарбаздар мінген алты Ил-76 ұшағы қонды. Бұл ақпаратты Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады. Аймаққа 1 960 сарбаз және 470 техника жеткізілуі тиіс. 

9 қарашада әлеуметтік желіде Ресейдің Ульяновск қаласындағы "Восточный" әуежайынан түсірілген спутник суреттері тараған болатын. Онда ұшуға дайындалып жатқан он шақты Ил-76 ұшағы көрінеді. 

Ресейлік бітімгер контингентінің дені Самара облысына дислокация жасалған 15-жеке мотоатқыш бригадасы мүшелерінен құралған. 2008 жылы аталған бригада грузин-абхаз қарулы қақтығысы аймағында бірқатар тапсырмалар орындаған.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің айтуынша, Ресейдің бітімгер сарбаздары Түркия әскерилерімен бірігіп әрекет етеді, алайда дүйсенбі күні келісілген құжатта бұл жағы көрсетілмеген. 

Дүйсенбі күні кешке Ресей, Әзербайжан басшылары және Армения премьер-министрі 10 қарашаға қараған түні Таулы Қарабақта әскери қимылды тоқтату туралы ортақ мәлімдемеге қол қойған. Бірақ тараптар өздерінің позицияларынан жылжымаған. 

Келісімге сәйкес, армян тарабы 20 қарашаға дейін Әзербайжанға Агдам, Кельбаджар, Лачин аудандарын қайтаруы тиіс. Бірақ Таулы Қарабақпен байланысын үзбеу үшін Лачин дәлізін (ені 5 км) сақтап қалады. 

Ресейлік сарбаздар Таулы Қарабақпен түйіскен тұста және Лачин дәлізі маңында орналасады. Бітімгерлік контингенттің сол аймақта қалу мерзімі 5 жыл және ахуал тұрақтамаса тағы бес жылға созылады.

Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар тұрады. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қайтыс болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған. Бірақ оларды Армениядан басқа ешбір ел мойындамады.

Биыл 27 қыркүйекте Таулы Қарабақ үшін қақтығыс қайта басталып, мыңдаған адам қайтыс болды. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Екі тарап үш рет атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, бұл келісім сақталмады.

Таулы Қарабақтың де-факто үкіметі қыркүйектен бері 1221 әскери қайтыс болғанын мәлімдеді. Әзербайжан соғыстан қанша сарбаз қаза тапқанын айтпай отыр.