02 жел, 2021 сағат 20:26

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 250-ден астам сериал түсірілген


Тәуелсіздіктің 30 жылында 250-ден астам отандық сериал түсірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Kazmedia орталығындағы Qazaqstan телеарнасы түсірген 6 тарихи сериалдың таныстырылымында айтты. 

«Тәуелсіздік кезеңінде мемлекетіміз қандай қиын жағдай болса да, өнерге, соның ішінде кино өнеріне ерекше қамқорлық танытып отырды. Естеріңізде болса, ең бірінші отандық сериал «Тоғысқан тағдырлар» деген атпен көрерменге жол тартқан еді. Осы өнімдерден леп алып, кейін талай сериалдар түсірілді. Олардың ішінде сапалысы да, сапасы төмендері де болды. Халықтың сынына ұшырағандары да бар. Отандық өнімдерді мақтаушылар да, даттаушылар да табылады. Бірақ, мұның бәрі осы саланың қалыптасып, дамуына септігін тигізді. Сол жобалар арқылы өстік, тәжірибе жинадық, сапаны көтердік», - деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақ кино индустриясы өз жолын тапқан. 

«Кино индустриясы, соның ішінде сериалдар индустриясы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Кейінгі 5 жылдың ішінде 3500-ден астам сериядан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Оның 50-ден астамы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінде сатылды. Осыдан 10 жыл бұрын сериал дайындайтын продакшн компаниялар саусақпен санайтын едік. Қазір бұл саладағы бәсеке өте жоғары. Мысалы, биыл өткен Astana Media Week жобасына сериал жанрында қатысқысы келген 100-ден астам продакшн компаниядан өтініш түсті. Бұл саланың күнделікті дамып жатқанын көрсетеді», - деді Аида Балаева.