06 жел, 2021 сағат 19:04

Тәуелсіздік - тәу етер жалғыз киеміз


Тәуелсіздік - тәу етер жалғыз киеміз. Алдымызда атап өтілетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Елбасы бүгін «Тәуелсіздік тағлымы» атты мақаласын жариялады. 

Отыз жыл адамзат тарихы үшін қас қағым ғана сәт. Ал отыз жыл тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белестерден өту кезеңі. Елбасы сан ғасырлық тарихымызға шолу жасай отырып, ата-бабаларымыз армандаған егемендік мәніне тоқталған. «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дей кел,  «Кейде ойланамын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған» деп ой түйеді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Тұңғыш Президент Ресей империясы кезеңіндегі кезден бастап Кеңестік кезеңдегі тарихымыздағы қилы кезеңдерді сипаттайды. Мақалада кеңінен тоқталған 1991 жылғы тәуелсіздік жариялар кездегі  Жоғары Кеңесте «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның қарастырылу барысы туралы жағдай. 

«Еліміздің жетекші заңгерлерінің қатысуымен алдын ала сараланып, сараптамадан өткізіліп, қапысыз даярланған заң бірден-ақ мақұлдануға тиіс болатын. Оның үстіне, өзге республикалар мұндай заңдарын әлдеқашан қабылдап қойған. Бірақ жағдай біз күткеннен басқашалау болып шықты» деп бұрындары айтыла қоймаған деректер келтіреді Нұрсұлтан Назарбаев.

Талқылау әбден тығырыққа тірелген кезде Президент 16 желтоқсан күні Жоғарғы Кеңеске келіп, депутаттарға мән-жайды өзім түсіндіріп, олардың бұл шешімін бүкіл Қазақстан халқы, күллі әлем жұрты күтіп отырғанын былайша жеткізеді: «Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзіне үңіле отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біз шешкелі отырған барлық мәселелердің түйіні – осы.  Басты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Артық шүйлігудің,  ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын. Баршаңыздан осыған бейілділік білдірулеріңізді сұраймын». Осы сөзден кейін біраз депуттар сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданады. 

Елбасы тәуелсіздік жариялаған кейінгі реформалар туралы және олардың мәні мен маңыздылығын түсіндіреді. Жаңа Конституцияны қабылдау, стратегияларды қабылдау, шекараны бекіту және тағы да басқа зор ауқымды істердің басы қасында болған адам ретінде бейнелйді. 

Нұрсұлтан Назарбаев отыз жылға жуық ел басқарған кезінде көп азаматтарды мемлекет басқару ісіне тәрбиелегенін мақтанышпен жеткізеді. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсынғанын тебірене жазады.  

Елбасы: «Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек» деп тәуелсіздіктің негізгі тағылымын келтіреді.

Бұл мақалада тәуелсіздікке жету жолы мен оны бекіту жолындағы елдіктің жолы ықшам түрде беріледі. Отыз жыл - қысқа уақыт, бірақ жаңа Қазақстан үшін ең қиын да қастерлі кезең. 

Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы