Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан бері екі заң ғана мемлекеттік тілде дайындалған. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы заң шығару процесін жетілдіру мәселелері бойынша өткен үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Құрметті, Мұрат Бақытжанұлы. Аудармашылар арасында заң тілінің түпнұсқалығы жөнінде әртүрлі пікірлер қалптасқан. Заң тілінің өзінің стилі бар екені түсінікті. Бірақ түпнұсқалықтың тым сөзбе-сөз қамтамасыз етілуі заң нормаларының мемлекеттік тілде сөйлмеуіне, заң мәтіндерінің, халықаралық құжаттардың түсінікті болмауына, қазақ тіліндегі заңдардың аударма ретінде қалыптасуына әкеп соғуда. Мына өркениетті елдерді былай қойғанда, посткеңестік мемлекеттердің барлығы заңдарын мемлекеттік тілде әзірлейді. Біздің тәуелсіздігімізге биыл 27 жыл толып отыр. Осы 27 жыл ішінде бізде екі-ақ заң мемлекетік тілде даярланды. Осыған байланысты сұрақ, мемлекеттік тілде даярлауға не кедергі, құлық жоқ па, ынта жоқ па, жоқ әлде мамандар жоқ па?», - деп сұрады депутат Әділет министрі Марат Бекетаевтан.
Министр заң жобалары мен тұжырымдамалары мемлекеттік және ресми тілде де әзірлентінін айтты.
«Әрине, бұл өте күрделі және маңызды мәселе. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық тұжырымдамалар және заң жобалары мемлекеттік тілде және ресми тілде әзірленеді. Ол ашықтығын қамтамасыз етуге байланысты, мысалы барлық тұжырымдамалар мен заң жобалардың мәтіндері ресми ресурстарда міндетті түрде жарияланады және қоғамдық тыңдаулар міндетті түрде өткізіледі. Сол себептен екі тілде бұл жұмыс жүргізіліп жатыр», - деп жауап берді министр.