Грузияның түрмеде отырған бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің денсаулығын тексерген тәуелсіз дәрігерлер "биыл қазан айында қамауға алынғалы көрген азабы" денсаулығына айтарлықтай зардап тигізген" деген қорытынды шығарды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
18 желтоқсанда дәрігерлер "қатыгез қарым-қатынас, азаптау, сапасыз медициналық көмек және ұзаққа созылған аштық акциясы" 53 жастағы Саакашвилиді әлсіретті, неврологиялық дерттерін күшейтті деп хабарлады.
Тәуелсіз дәрігерлер тобының мүшесі, психиатр Мариам Джишкарианидің AFP жаңалықтар агенттігіне айтуынша, "сапалы медициналық көмек көрсетілмесе, Саакашвилидің өміріне қатер төнуі мүмкін".
Жеті дәрігерден құралған топты үкіметтік емес "Эмпатия" ұйымы жасақтаған.
Қамауда отырған Саакашвили зорлық-зомбылық жасалып жатқаны жайлы бұған дейін мәлімдеген. Өткен аптада Грузияның мемлекеттік инспекциясы Саакашвилидің шағымын зерттеу басталғанын хабарлаған.
Халықаралық Amnesty International ұйымы Саакашвилиге жасалып отырған әрекетті "саяси кек қайтару" деп санаса, АҚШ мемлекеттік департаменті Грузия үкіметін Саакашвилиге әділетпен қарауға шақырған.
Саакашвили 2004-2013 жылдар аралығында Грузия президенті болған. Биыл қазанда Украинадан Грузияға қайта оралған.
"Саакашвили қызмет бабын асыра пайдаланды" деп Грузия билігі тағып отырған айыпты экс-президент "саяси астары бар айып" деп санайды. Оған қарсылық ретінде аштық жариялап, 50 күн аш отырған.
Саакашвили тұтқындалған соң Грузияда кейінгі 10 жылдағы ең ірі қарсылық акциясы өткен.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.