Facebook пен Instagram-да Иманғали Тасмағамбетовтің атынан ашылған фейк парақшалар пайда болды. Танымал мемлекет қайраткерінің бұл аккаунттарға қатысы жоқ, деп хабарлады Stopfake.kz сайты.
Instagram-дағы tasmagambetov_official парақшасына 45 мыңнан аса адам жазылған, ал imaangali_tasmagambetov парақшасында мыңнан аса адам бар. Facebook-те де оның атына парақшалар ашылған.
Иманғали Тасмағамбетов бұл парақшалар өзінікі емес екенін айтты. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде ешқандай парақшасы жоқ.
"Құрметті достар! Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде менің атымнан түрлі тақырыпта арандатушылық ақпарат жүктелген жалған аккаунттар мен парақшалар пайда болып жатыр. Сөз жоқ, бұл жеке менің абырой-беделімнен бөлек, әрбір азаматтың ғаламтордағы қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатерді көрсетеді. Ресми түрде мәлімдеймін, менің әлеуметтік желіде ешқандай парақшам жоқ. Баршаңыздан мұндай арандатуға қарсы тұрып, жалған ақпарат таратпауларыңызды сұранамын. Құрметпен, Иманғали Тасмағамбетов", - деді ол.