02 мам, 2024 сағат 19:20

Тасқын суларды қайда жіберіп жатыр — министрлік өкілі жауап берді

Фото:ТЖМ

Бүгін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Қазақстандағы өзендер мен көлдерге тасқын суларды жіберу туралы мәлімдеді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Су ресурстары және ирригация министрлігі Каспий теңізіне шамамен 1 млрд текше метр тасқын суын жіберді. Ол үшін Атырау облысының Қазсушар филиалы 4 арнаны: Бақсай, Нарын, Черная речка және Соколок пайдаланады. Жалпы, бұл арналар тәулігіне 12 миллион текше метрге дейін су өткізе алады. Олардың әрқайсысында «Қазсушар» мамандары тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізді. Мысалы, Соколок каналының бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберіледі. Бүгінгі таңда министрліктің басты міндеттерінің бірі - тасқын суын көлдер мен өзендерге жіберу. Мамандар Балқаш көліне де су жіберу жұмысын жалғастыруда. Көлге Қапшағай су қоймасынан шамамен 2,5 млрд текше метр жіберілді", -деді М. Әбдуалиева.


Сондай-ақ, ведомство Ресейден келген 30 млн текше метр суды Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне де жіберіп жатыр екен. Министрлік өкілінің сөзінше, аталған көлдер жүйесіне соңғы 20 жылда су бармаған. 


"Соңғы жылдары кеуіп қалған Батыс Қазақстан облысының Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жіберу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинағаны байқалады. Бұған Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан бұрын-соңды болмаған үлкен көлемде тасқын суын жіберудің арқасында қол жеткізілді", -деді Мөлдір Әбдуалиева.