16 мам, 2024 сағат 11:58

Тасқын су кеуіп қалған көлдерге жіберіліп жатыр


Фото: Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі


Ресейден келген тасқын судың 80 млн текше метрі Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.


Айта кетері, бұл көлдерге соңғы 20 жыл бойы су бармаған.


Ведомствоның мәліметінше тасқын суды көлдер жүйесіне жіберу жұмысын жергілікті "Қазсушар" филиалының мамандары жүргізуде. Қамыс-Самар көлдері киіктер мен басқа да жануарлардың көшу жолындағы табиғи суат көзі болып табылады.


Батыс Қазақстан облысындағы судың негізгі көзі - Жайық өзені. Аталған өзен арқылы келген тасқын су су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" мекемесіне тиесілі Жайық-Көшім суару- суландыру жүйесінде жиналады.


"Сонымен қатар "Қазсушар" мамандары соңғы жылдары кеуіп қалған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жібере бастады. Сондай-ақ Балқаш көліне, Каспий теңізіне су жіберу жұмысы жалғасып жатыр", - деді су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.