10 қыр, 2025 сағат 14:14

Тарихи, мәдени байлығымызды көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек - Депутат


Фото: baq.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Депутаты Екатерина Смолякова Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Қазақстан туризміндегі тарихи-мәдени нысандардың мәртебесі туралы мәселе көтерді. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Өз сөзінде депутат елдегі туристік орындарға баратын азаматтардың қылықтарына қынжылыс білдіріп, шағымданды.

"«Жошыхан», «Алашахан», Маңғыстаудағы киелі 362 әулие, Қоңыр әулие, жерасты мешіт сынды қасиетті тарихи-мәдени орындар мен табиғи нысандарда демалушылар тарапынан қоқыс тастап кету, ашық-шашық жүру - келеңсіз жағдайлар туғызуда. «Өз өзіңді сыйламасаң, жат жанынан түңілер» дейді халық даналығы. Туризмді дамытқан күннің өзінде тарихи, мәдени байлығымызды көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек. Мысалы, жуырда Ұлытау ұлттық паркінде «Әулие таудағы» жеті әулиеге қойылған таңбалы тастарды белгісіз біреулер қиратып кеткен. Бұл ұлттық құндылыққа жасалған қиянат", - деді ол.


Депутат нысандарда тәртіпті қадағалау үшін «Цифрлық Қазақстан» концепциясы аясында «Starlink» жүйесін қолдана отырып бейнебақылау камераларын орнатып, туристік полицияға және Ұлттық саябақ қызметкерлеріне дрон арқылы бақылау мүмкіндігін жасауымыз қажет деп есептейді.

"Ол үшін туристік аймақтардағы жолдарды «Алматы - Қонаев» трассасы үлгісіндегідей етіп ақылы жол жасап, түскен қаражатты сол нысанның дамуына жұмсау қажет. Туристердің қоршаған ортаға құрметін, демалу мәдениетін қалыптастыру біздің ортақ міндетіміз", - дейді Смолякова.


Сонымен қатар мәжілісмен ерекше табиғи құндылығы бар нысандарды мемлекет қорғауына алуды ұсынды:

1. Ұлытау облысы Ақжар жоталарындағы ерекше көздің жауын алатын, қызыл түсті «Саң» тауларын және Кейкі батыр үңгірін ұлттық маңызы бар табиғи ескерткіш ретінде мемлекеттің қорғауына алып, оларды Ұлытау облысындағы Ұлттық табиғи парк аймағына енгізу.

2. Маңғыстау облысындағы ерекше табиғи құбылыстардан пайда болған «Торыш» алқабын мемлекеттік қорғауына алу керек. Өйткені кейбір азаматтар ойына келгенін істеп, шар тәрізді тастарды жеке меншік үй, қонақүйлердің алдына орналастырып үлкен кері әсерін тигізуде.