11 қыр, 2021 сағат 17:34

Тараз түбіндегі жарылыс: тағы бір өрт сөндіруші көз жұмды


Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккен тағы бір өрт сөндіруші қайтыс болды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

«Бүгін Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккен 1993 жылы туған өрт сөндіруші қайтыс болды. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институының ауруханасына жеткізіліп, сол жерде ем алып жатқан болатын» делінген хабарламада. 

Осылайша Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны он жеті адамға жетті. Оның ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және бір әскери прокурор. Жоғалған тағы бір адам іздестірілуде.


Қайтыс болған өртсөндіруші - Тұрманов Жәнібек Жасұзақұлы.

Айта кетейік, 26 тамыз кешке Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймада өрт басталып, бір сағаттан кейін қоймада оқ-дәрілер жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.

Жақын маңдағы ауылдардың 1 200-ге жуық тұрғыны қауіпсіздік мақсатында Таразға көшірілді. Оқиғадан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды. Қайғылы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.