28 там, 2021 сағат 10:32

Тараз маңындағы жарылыстан кейін таксистер жолға 35 мың теңге сұраған


Тараз маңындағы жарылыстар кезінде қорқып, үйінен қауіпсіз жерге кетуге тырысқан жолаушылардан кейбір такси жүргізушісі қомақты ақша сұраған. Бұл туралы "Евразия бірінші арнасының" сюжетінде айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сол кезде жолдарда ұзын-сонар кептеліс болған. Зейнеткер Зализа Жураева сол кешті қорқынышпен еске алады. Жарылыстан үйдің терезелері сынған. Бәрінен қатты балалар қорыққан. Отбасы бірден кетуге шешім шығарған.

"Біз қаша бастадық. Жарылыстар болды, біз өрттен 12 шақырым қашықта тұрсақ та, барлық терезе сынды. Такси жүргізушілеріне барымызды бердік. Ақша қалмады. Бүгін қайтқымыз келеді, бірақ қалай қайтарымызды білмейміз. Зейнетақы да әлі түспеді", - дейді Байзақ ауылының тұрғыны.

"Дүрбелең болды. Бағаны әркім өз бетінше қойды. Бағаны көтерді, халық ашуланып жатты. Таңертең келген, машина - 30 000, 35 000 теңге дейді. Біз 10 мыңға жүреміз. Бұл біз үшін ұят", - дейді жүргізуші Нұрбек Бексұлтанов.

Алайда жанашыр адамдар көбірек болған. Олар тұрғындарды тегін апарып тастады. Кейбірі бұл үшін басқа қалалардан да келген. Олар түні бойы аурухана алдында кезекшілік етіп, өздеріне бейтаныс адамдарға көмектесуге тырысқан.

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. 

Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 13 адам қаза тапқан. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, барлығы 98 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 37-сі ауруханаға жатқызылып, қалғандары жарақат пункттерінде тиісті көмек алып, үйлеріне жіберілген. 

Тараз қаласының стационарларында ем алып жатқан зардап шегушінің бесеуі реанимацияда, екеуінің жағдайы ауыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше оқиғаға байланысты шұғыл жиналыс өткізді, оның қорытындысы бойынша төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылды, Оның Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады.