29 қыр, 2021 сағат 15:00

Тараз маңындағы жарылыс: қаза тапқандардың кредиті кешірілді



Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің қарызы кешірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.


Еліміздің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Жамбыл облысы әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржылық ұйымдармен бірлесіп, Байзақ ауданында жарылыстан қаза тапқан азаматтардың отбасыларының борыштық жүктемесін азайту бойынша шаралар қабылдады.


"Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізген жұмыстарымыз нәтижесіз аяқталған жоқ. Төтенше оқиға салдарынан қаза болған азаматтардың – қарыз алушылар мен олардың артында қалған жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім шықты. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелді", - деді Сапарбаев.


Оның сөзіне қарағанда, жергілікті билік бұдан өзге де көмек көрсету шараларын қолға алған.


Айта кетейік, 26 тамыз күні Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімі аумағында болған өрт пен жарылыс кезінде 17 азамат көз жұмған болатын. 1 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза болғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратураның қызметкерлері мен әскери қызметшілер бар.