27 қыр, 2021 сағат 11:02

Тараз маңындағы жарылыс: қаза тапқан құтқарушылардың отбасы 20 млн теңгеден алады


Қазақстанның төтенше жағдай министрі Юрий Ильин әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің отбасыларына қандай төлем берілетінін айтты.

Сақтандыру төлемін қоспағанда, қаза тапқан әр құтқарушының отбасы 20 миллион теңгеден алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

ТЖ министрі Юрий Ильин қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған батырлардың отбасына материалдық көмек сомасы неден құралатынын түсіндірді.

"Бүгінгі таңда үкімет тарапынан әр марқұмның отбасына 10 миллион теңгеден аудару туралы шешім қабылданды. Бес миллион теңге – жергілікті бюджет есебінен. Біз қызметкерлердің бір күндік жалақысын жинап, оны аудардық. ҚР ТЖМ есебінен ерікті түрде 5 миллион теңгеден беріледі. Емге мұқтаж жігіттерге көмек көрсетіледі. Мемлекет тарапынан міндетті сақтандыру жағдайы бар – қаза тапқандардың отбасыларына 60 айлық ақшалай үлес төленеді", - деп мәлімдеді ТЖМ басшысы.

Министр төлем әр қаза тапқан азаматтың заңды мұрагері анықталғаннан кейін төленетінін атап өтті.

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде 26 тамызда сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған.