Фото: ҚР МАМ
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі актер әрі режиссер Балтабай Сейітмамытұлының өмірден өтуіне байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаралы хабарды ведомство ресми мәлімдеме арқылы жеткізді.
Балтабай Сейітмамытұлы саналы ғұмырын қазақ сахна өнеріне арнаған бірегей тұлға ретінде танылды. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер академиялық театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында ұлттық өнердің алтын қорына енген жарқын образдар галереясын қалыптастырды.
Өнер иесі классикалық және заманауи драматургияны терең философиялық пайыммен, биік актерлік мәдениетпен сомдап, қазақ театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.
Министрлік өкілдері Балтабай Сейітмамытұлының жарқын бейнесі, бай шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын.
