26 там, 2017 сағат 16:12

Танкішілер топ жарды

Әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2017» халықаралық  жарысы шеңберінде Ресей Федерациясының «Алабино» полигонында 29 шілде – 12 тамыз аралығында өткен «Танк биатлоны – 2017» сайысында ҚР ҚК Құрлық әскерінің танк экипаждары алғашқы кезеңнен-ақ топты жарды.

Жауынгерлік көлікті жүргізуден, түрлі қашықтықтағы нысаналарды жоюдан, танкіге қарсы өткелдер мен бөгеттерден өтуден де алдына жан салмады. Екі аптаға созылған «Танк биатлоны – 2017» сайысының финалында ҚР ҚК Құрлық әскерінің 1-ші экипажы 36 минут 07 секундта, 2-ші экипажы 37 минут 06 секундта, 3-ші экипажы 32 минут 28 секундта мәреге жетті. Жалпы уақыты 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен еліміздің үздік танкішілері екінші орынды иеленді.    

Аға сержант Ерасыл Жұмағұлов: «Биылғы биатлонда бес түрлі танк, атап айтқанда Ресей Т-72Б3МК, Қытай Type 96, Үндістан Т-90 және Белорусь өз танкілерін, қалған 15 мемлекет Ресейдің Т-72 танкісін тізгіндеді. Ресей танкісінде 1200, Беларусь танкісінде 1130, ал біздің танкіде 840 аттың күші бар екенін ескеріңіз. Соған қарамастан танкіге қарсы өткелдерден, сулы шұңқырлардан, кедергілерден, миналы-жарылыс пен соққы беру бөгетінен, төбе мен соқпақ көпірден сүрінбей өттік. Елдің намысы – ердің намысы. Үздік үштікке іліну үшін кәсіби шеберлігімізді салдық».   

Аға сержант Думан Байжанов: «Биыл танк биатлонына қатарынан бесінші жыл бардым. Әрине, алғаш қатысқан 2013 жылғымен салыстырғанда халықаралық жарыстың деңгейі анағұрлым өскен. Қатысушы мемлекет әскерилерінің жауынгерлік әзірлігі де күшейгені көрініп тұр. Биылғы додаға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Венесуэла, Ангола, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Никарагуа, Тәжікстан, Уганда, Лаос секілді барлығы 19 мемлекет қатысты. Өзгешелігі сол, бөгеттер ауысып, айып тұрақтары көбейген. Өз басым Үндістан, Белорусь, Ресей, Қытай танкішілерінің жақсы дайындалып келгенін байқадым».   

Аға сержант Рустам Молдашев: «Шынын айту керек, бірінші айналымда жылдамдықты, екінші айналымда 125 мм 2А46М зеңбірегінен 1600 метр, 1700 метр, 1800 метр қашықтықта орналасқан нысанаға, үшінші айналымда зениттік пулеметтен 900 метр қашықтықта орналасқан 25-ші және 11-ші нысанаға, төртінші айналымда танкілік Калашников пулеметінен 600 метр, 700 метр, 800 метр қашықтықта орналасқан 3-ші және 9-шы нысанаға оқты дәл тигізу оңайға түспеді. Финалда да түрлі кедергілер қойылған төрт шақырымды үш мәрте айналып өту жеңіл болмады. Танк биатлоны сайысы – командалық жұмыс қой. Танк командирінің, нысанашы-оператордың,  механик-жүргізушінің ауызбіршілігінің арқасында жеңіске қол жеткіздік. Екінші болып мәреге жетсек те, сенбедік. «Танк биатлоны – 2017» сайысының жеңімпазы деп салтанатты түрде жарияламағанша жеңімпаз екенімізді сезінбедік. Кеудемізді қуаныш кернеп, елімізге жүлдемен оралдық».