Фото: abai.kz
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында тарихи маңызды жәдігер - ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, атақты би, батыр Тәнеке Дөсетұлының шапаны музей қорына табысталды. Бұл туралы Ұлттық музейдің баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды Ult.kz.
Аталған ерекше мәдени шараны ұйымдастырушы «Матай Бөрібай батыр» қоры. Қор төрағасы - Қасымов Берікбол Төлегенұлы. Жәдігерді батырдың ұрпағы, Алматы қаласының тұрғыны Бидахметова Қарлығаш музейге табыстайды.
Матасы шұғадан тігілген шапан - Тәнеке Дөсетұлына 1847 жылы патша үкіметі тарапынан арнайы тігілген әрі «Алтын ленталы Анна» медалімен бірге берілген сыйлық. Мұндай шапан - тек аса ықпалды, ел басқарған тұлғаларға ғана берілетін жоғары марапат. Бұл Тәнекенің тек батыр, би ғана емес, орыс билігімен дипломатиялық қарым-қатынас жүргізе білген көреген саясаткер екенін көрсетеді.
Тәнеке Дөсетұлы - Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті тұлғасы
Тәнеке (азан шақырып қойған есімі - Нұралы) Дөсетұлы - ХІХ ғасырда Жетісу жерінде ел басқарған, азаттық үшін күрескен аса беделді тарихи тұлға. Найман тайпасының Матай руынан шыққан, әйгілі Қыдыралы бидің немересі. 1807 жылы қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданындағы Тасқара жайлауында дүниеге келіп, 1885 жылы өмірден өткен.
Тәнеке батыр Ресей, Қытай және Қоқан хандықтарының отарлық саясатына қарсы батыл күрес жүргізді. Ол Кенесары ханның жанашыры, Рүстем төренің сатқындығына қарсы шыққан қолбасшылардың бірі. Қырғыз манабы Төрегелдіні тұтқындап, Кенесарының кегін қайтаруы, поляк революционері Янушкевичтің күнделіктеріндегі мәліметтер, Шоқан Уәлихановты ажалдан құтқарып қалуы - Тәнекенің ел мен жер үшін жасаған ерен істерінің айғағы.
Тарихи дерек пен құжаттар
Тәнеке Дөсетұлы жайлы деректер Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу архивтерінде сақталған. 1846 жылы Матай мен Қапал өңірінің старшыны болып тағайындалған. 1847 жылы оған «Хорунжий» әскери шені беріліп, арнайы марапат ретінде шұғадан тігілген шапан сыйға тартылған. Мәскеу архивіндегі жазбаларда:
«Танеке сынъ Дюсетевъ, Бій, 44 летъ. Рода Каптагай – Бирубай. Въ 1846 года волостнымъ управителмъ. Въ 1847 году погр. нач. Сибирских киргиз, награжден суконным халатом» – деп жазылған.
Сондай-ақ Ұлттық музей қорына қосылатын ерекше жәдігер Тәнеке батырдың бұл шапаны - ХІХ ғасырдағы қазақтың отаршылдыққа қарсы күресінің бірегей ескерткіші, тарихтан сыр шертетін асыл мұра. Бұл жәдігер Ұлттық музей қоры үшін баға жетпес тарихи құндылық болып саналады.
«Сонымен қатар, жас ұрпаққа Тәнеке батырдың елдік жолындағы еңбегін үлгі ету - музей қызметінің басты бағыттарының бірі», – дедінген хабарламада.
