29 сәу, 2019 сағат 10:36

Талғат Ерғалиев президенттік сайлауға қатысу туралы өтінішін кері қайтармақ

Талғат Ерғалиев «Ақ жол» партиясының бірауыздан ұсынылған кандидаты Дания Еспаеваға қолдау білдіріп, өзінің президенттік сайлауға қатысу туралы өтінішін қайтарып алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстанның Құрылысшылар одағының атынан президенттікке кандидат ретінде өзін ұсыну туралы өтініш беру мәлімдемесіне байланысты партияның мүшесі Талғат Ерғалиевпен кездесті.

«Белгілі болғандай, жуырда ғана өткен партияның съезінде алты үміткер бойынша құпия сайлау өткен болатын. Онда Құрылысшылар одағының жетекшісі 31,6% дауысқа ие болып, екінші орын алған. Азат Перуашев өз кандидатурасын ұсынған кез-келген азаматқа секілді Талғат Ерғалиевтің құқығына да құрметпен қарайтынын айтты. Оның үстіне, мұндай қадам жасауына түрткі болғаны оның партиялық дауыс беру кезінде жоғары нәтижеге қол жеткізгені екені онсыз да түсінікті. Алайда, ол «праймериздің» алты қатысушыларына партияның бірауыздан сайланған үміткері Дания Еспаеваның командасына қосылу туралы құрылтайдың шешімі жөнінде еске салып өтті» делінген хабарламада.

Өз кезегінде, Т. Ерғалиев съездің сайлау қорытындысына қатысты ешбір міні жоқ екенін жеткізген.

«Ол ҚР Құрылысшылар одағының атынан үміткерлікке өзін ұсынуын дұрыс деп санайды. Өйткені, бұл ұйымды бұрыннан басқарып келе жатқандықтан, аталмыш саладағы өткір мәселелерді және тұрғындардың қолжетімді баспанаға деген мұқтаждығын егжей-тегжейлі біледі. Бұл түйткілді мәселелерге мемлекеттік деңгейде тиісті назар аударылып жатқан жоқ деп пайымдайды» дейді баспасөз өкілдері.

Сондай-ақ, ол бір ғана партияның атынан бірден үш партия мүшесінің әр түрлі қоғамдық бірлестіктердің атынан сайлауға кандидаттыққа ұсынылғаны жөнінде мысалдар келтіріп өткен.

«Соған қарамастан, «Ақ жол» партиясына деген өзінің сый-құрметін білдіріп, партия төрағасымен әңгімелескеннен кейін Талғат Ерғалиев Орталық сайлау комиссиясынан өзінің өтінішін қайтарып алуға ниетті екенін және Дания Еспаеваның сайлауалды науқанына қатысуға әзір екенін мәлімдеді. Азат Перуашев ҚР Құрылысшылар одағының төрағасына тілектестігі мен ер-азаматқа тән әрекеті үшін өз алғысын білдірді» делінген партия мәлімдемесінде.

Айта кетсек, жақында Қазақстанның құрылысшылар одағы Президент сайлауына үміткер ретінде Талғат Ерғалиевті ұсынған болатын.