02 там, 2019 сағат 17:16

Таиландтағы жарылыста қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ

Таиланд билігінің ресми хабарлауынша, бүгін Бангкоктың бірнеше ауданында 7 кішігірім жарылыс болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бірнеше қоғамдық орында кішігірім жарылыс тіркелді, оның ішінде үкімет ғимараттары кешенінің жанында, қонақ үйлердің бірінің кіреберісінде, метро станциясының жанында, сондай-ақ Бангкок көшелерінің жаяу жүргіншілер аймағында. Зардап шеккендер мен ауыр жарақат алғандар жоқ. Таңертең көшелерді тазалап жатқан жергілікті коммуналдық қызметтің екі қызметкері және бір жолаушы жеңіл жарақат алды» делінген хабарламада.

Зардап шеккендер арасында шетелдіктер, оның ішінде Қазақстан азаматтары жоқ. Басқа мәліметтер туралы хабарланбады.

«Қазіргі таңда Бангкоктағы ҚР азаматтарына қауіпсіздік шараларын, жергілікті билік органдарының талаптарын қатаң сақтауға және халық көп жиналатын жерлерден тыс болуға кеңес береміз. Қандай да бір төтенше жағдай туындаған жағдайда, тез арада Қазақстан елшілігіне хабарласуы қажет» деп мәлім етті министрлік.