Еліміздегі 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға мүмкіндік беретін Экологиялық кодекстің негізгі бөлімдеріне тоқталғым келеді. «Ластаушы төлейді» қағидатының негізіне ластануды болдырмау мен бақылау бойынша іс-шаралары жатады. Сонымен қатар, қоршаған ортаға тиген залалды қалпына келтіруге қатысты жауапкершілік қарастырылған. Осылайша, мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөніндегі барлық шараларды қабылдау тиімдірек болатындай жағдай жасауы тиіс», - деді министр ҚР Экологиялық кодексінің жобасын талқылау кезінде.
Бұдан басқа, экологиялық залал орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқыда болған қалпына келтіруге міндетті.
«Ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді деген шартпен бірінші санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу ұсынылады. Сондай-ақ жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсаттар алу міндеттілігі қарастырылды. Ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялых ахуал жақсарады. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлік, осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80 пайызы тиесілі», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Кодекстің жобасында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды өту туралы талап қарастырылды. Олардың тізбесі қайта қаралды және негізінен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады.