Елімізде сыйлық алуға тыйым салынатын лауазымды және жауапты мемлекеттік лауазымды тұлғалар тізбесі толықтырылады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Құжатта түзетулердің 3 блогы қарастырылған. Бірінші блок сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша тетіктерді енгізуге бағытталған.
Төраға бірінші орынбасарының айтуынша, түзетулердің екінші блогы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға бағытталған. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің «Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар» атты тарауының 676, 677 және 678-баптарында оларды ұсынған тұлғалардың пайдасына іс-әрекеттері үшін материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер не қызметтер көрсетуге және қабылдауға тыйым салынған тұлғалардың тізбесі лауазымды тұлғалар мен жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалармен толықтырылуда. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпараты бар адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органды ғана емес, сондай-ақ өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеуді және алдын алуды жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдарды хабардар ете алатындығы көзделген.
«Түзетулердің үшінші блогы Ұлттық бюроның Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қайта құрылуына, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі функцияларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілуіне байланысты. Біріншіден, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган» ұғымы нақтыланды. Екінші, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәртебесіне қатысты редакциялық сипаттағы түзетулер енгізілуде. Үшінші, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ведомстволық бағыныстылығына қатысты баптар нақтыланды. Төртінші, «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңда арнайы мемлекеттік архив құрылатын мемлекеттік органдардың тізбесінде «Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық бюросы» деген сөздер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» деген сөздерге ауыстырылды«, - деді Олжас Бектенов.
Оның дерегінше, заң жобасымен 3 Кодекске, 7 Заңға түзетулер енгізілуде. Заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен, Премьер-Министр Кеңсесімен, Президент Әкімшілігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілді. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен шығындарға әкеп соқпайды.