Қызылордада құтқарушылар Сырдарияға суға батып кеткен екінші баланың денесін тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске салсақ, оқиға кеше, 1 маусымда Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде болған. Дарияға шомылуға барған екі бала суға батып кеткен. Олардың бірінің денесі сол маңда жүрген балықшы жағаға алып шыққан. Ол бала 2008 жылы дүниеге келген жасөспірім екені анықталды.
«Екінші баланы Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылары сол күні іздестірді. Іздеу нәтиже берген жоқ. Іздестіру шаралары бүгін, 2 маусымда жалғасты. Баланың денесі сағат 9.04-те өзі суға түскен жерден 100 метрдей қашықта су астынан табылды», - деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
