11 мам, 2020 сағат 11:18

Сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат үшін берілетін сыйақы мөлшері ұлғайды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов жемқорлық туралы ақпарат берген адамға берілетін сыйақы мөлшері қалай өскенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпара.

«Биылдан бастап сыбайлас жемқорлық бойынша ақпарат берген адамдарға сыйақы мөлшері өскенін атап өткім келеді. Бұрын ең максималды көрсеткіші – 250 мың теңге болса, қазіргі таңда хабар берген адам 10 млн 600 мың теңгеге дейін сыйақы ала алады. Әрине ол факт бірақ дәлелденіп, сот үкімі шығуы керек», - деді Расул Медетов агенттіктің Facebook парақшасындағы сұхбатта сөйлеген сөзінде. 

Еске сала кетсек бұған дейін Расул Медетов жемқорлық туралы хабар берген адамның ақпараты шынайы болуы керектігін мәлім еткен еді. 

«Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Сондықтан әрине белгілі бір жерде парақорлық фактісі тіркелетін болса ол жайлы хабарлау – біздің міндетіміз, азамат ретінде парызымыз. Бірақ бұл ретте бір мәселеге назар аудартқым келеді. Өзім де өңірлерде жұмыс істедім. Азаматтардың кейбірі анау жерде мынадай, мынау жерде анадай парақорлық болып жатыр деп негізсіз әрі дәлелденбеген ақпарат беріп жатады. «Қымбат көлігі бар, демек пара алады» екен деген осындай алыпқашпа сөздер шындыққа жанаспауы да мүмкін. Сондықтан келіп түскен ақпарат міндетті түрде шын болуы керек», - деді Расул Медетов агенттіктің Facebook парақшасындағы сұхбатта сөйлеген сөзінде.