08 қаз, 2020 сағат 05:49

Светлана Тихановскаяға Ресей аумағында іздеу жарияланды

Беларусьтегі президент сайлауына қатысқан Светлана Тихановскаяға Ресей аумағында іздеу жарияланды. Ресей ішкі істер министрлігінің дерекқорында жарияланған мәлімет бойынша, Тихановская қылмыстық кодекс бабы бойынша іздеуде жүр. Бірақ нақты қай бабы екені көрсетілмеген. 

Беларусьте президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша Александр Лукашенко жеңіске жеткен. Тихановскаяның сайлау штабы сайлау қорытындысын мойындамады. Ол билік қысымымен елден кетуге мәжбүр болған. Қазір Литвада тұрып жатыр. 

Беларусьте әділ сайлауды талап еткен наразылық акцияларының өтіп жатқанына шамамен екі ай болды. Наразылар бейбіт шеруге шыққандарды қудаламауды да талап етеді. 

23 қыркүйекте Лукашенконың жасырын инаугурациясы өтті. Словакия, Литва, Латвия, АҚШ, Эстония, Норвегия, Швеция, Украина, Германия оны Беларусьтің заңды президенті деп танымайтынын мәлімдеді.

27 қыркүйекте белорустар президент сайлауында жеңді деп санайтын Тихановскаяның "халықтық инаугурациясын" өткізді.

Осыған дейін Светлана Тихановскаямен Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель кездескен.