Фото:gov.kz
Энергетика министрлігі үш өңірдегі автогаз тапшылығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қазақстанның ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары аясында қараша айына 133 867 тонна бөлінді. Қазіргі таңда бірқатар өңірде осы газды жеткізуде іркіліс бар. Нақты айтсақ, Астана қаласы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан обылстарында байқалып отыр. Астана қаласының ай сайынғы сұйытылған газ тұтыну көлемі 8700 тоннадай болады. Елорданың ішкі нарығына сұйытылған газ жеткізу жоспары аясында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ресурстарынан қараша айына 8512 тонна газ бөлінді.
7 қарашадағы жағдай бойынша, Астанаға СНПС ресурстарынан – 396 тонна газ келді. Павлодар мұнай-химия зауытының ресурстарынан 8 қарашаға дейін 216 тонна газ әкелінеді. Сонымен бірге 7-8 қарашада СПНС зауытынан шамамен 1296 тонна газ жөнелтіледі. Ол газ Астанаға 11 қарашаға дейін жеткізіледі», - деді Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Бахытжан Таубаев.
Оның сөзінше, Жамбыл облысына қараша айына Шымкент мұнай өңдеу зауытынан 5218 тонна бөлінген. 7 қарашадағы жағдай бойынша, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС зауытынан қазірдің өзінде 1250 тонна жөнелтілген. Яғни, бұл өңірде де тапшылық осы газ жеткен кезде реттелуі керек.
«Ал Солтүстік Қазақстан облысына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» зауытынан қараша айына 5706 тонна бөлінді. 7 қарашадағы жағдай бойынша. SNPS зауытынан қазірдің өзінде 1 477 тонна жөнелтілді. Зауыттардан сұйытылған газ тәулік бойы жөнелтіліп жатқанын айту керек. Алайда зауыттан діттеген жерге жеткенше біраз уақыт кетеді. Тасымалдау жұмыстары «ҚТЖ»-ның мойнында. Сондықтан сұйытылған газ нарығында іркіліс бар. Жағдай алдағы күндері тұрақталады», - деді Бахытжан Таубаев.