31 нау, 2018 сағат 10:35

Сүйіскен қыздардың видеосы: БҒМ мамандары пікір білдірді

Кәмелет жасқа толмаған қыздардың сүйіскені түсірілген видео әлеуметтік желілерде бұғатталды. Бұл туралы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің мамандары мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Балалардың құқығын қорғау комитеті видеоның бұдан әрі тарауына жол бермеу шараларын қолға алып, видеодағы балаларды іздеп, психологиялық және анықтау жұмыстарын жүргізу жөнінде Ішкі істер министрлігіне, сонымен қатар Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне хат жолдады", - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

"Одан бөлек, видео YouTube, ВКонтакте, Facebook, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде бұғатталды", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, осыған дейін Астана ІІД өкілдерінің сүйіскен кішкентай қыздардың видеосын тексеріп жатқаны хабарланған болатын. "Кәмелетке толмаған екі қыз түсірілген видеоның WhatsApp мессенджерінде тарауына қатысты Астана қалалық ІІД-нің осы дерек бойынша тексеріс бастағанын хабарлаймыз. Тексеріс қорытындысы қосымша хабарланады", - деп жауап берген еді ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев редакция сауалхатына.