16 нау, 2020 сағат 09:55

Сүт зауыттарының жүктелуі 65 пайызды құрап тұр - АШМ

Жыл сайын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы заманауи цифрлық технологиялар қолданылатын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермалары, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы салынады. Сонымен бірге, 2000 гектарға бақ отырғызу жоспарлануда, Жамбыл облысында қант зауытының құрылысы басталып кетті. Бұл жобалардың барлығы бойынша өткен жылы дайындық жұмыстары жүргізілді, нақты инвесторлар айқындалып, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілуде», - деп тоқталды С. Омаров Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында. 

Оның сөзіне қарағанда, үш жыл ішінде ірімшік пен сүзбе өндірісі 16,2 пайызға ұлғайып, 29,5 мың тоннаны құрады. Қамтамасыз етілу 54,8 пайыздан 57 пайызға дейін өсті.

«Бұл ретте, елімізде шамамен 5,8 млн тонна сүт өндірілгенімен, сүт зауыттарының жүктелуі қазір шамамен 65 пайызды құрайды. Осыған байланысты, жыл сайын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын енгізу арқылы сүт өндірісін қарқынды форматқа ауыстыру ұсынылады. Бұл жыл сайын қосымша 120 мың тоннаға дейін сүт өндіруге және 1250 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы үшін қаржыландырудың жеңілдетілген шарттары пайдаланылатын болады», - деді ведомство басшысы. 

Бұл шараларды іске асыру есебінен 5 жыл ішінде сүт зауыттарының толық жүктелуін қамтамасыз ету жоспарлануда.