10 қар, 2017 сағат 12:46

Сұлтанов: Еліміздің тәуелсіздік идеясын жарнама деңгейінде ғана пайдаланып келеміз

Алашорданың 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Алаш және дербестік мұратының жалғастығы» атты баяндама жасаған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов еліміздегі мемлекеттік тілдің дамымай отыруының себебін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Біз бүгін ХХ ғасырдың басында ұлт бостандығы мен ағартушылық мүддесіне біріккен Алаш үкіметінің қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, олардың идеялары мен армандарын сараптап, бүгінгімізді бағалап, ертеңімізді айқындау үшін пікір қосуға жиналдық. Елбасының құттықтауының әр сөзіне көп мағына сыйып тұр. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінен бастап, ұлттық мемлекет және оның тәуелсіздік идеясын терең зерттеп, зерделеудің маңыздылығына назар аударды. Жаңа дәуірдегі мемлекетіміздің қатаң да қайырымсыз бәсекелестікке қабілетті болуын, қайшылықты жаһандық құбылыстарға жұтылып кетпей, жағада қалып қоймай, өркендеуге ілесе алсақ қана ұлтымыз мәңгі ел боларына айрықша екпін беріп келеді», - дейді депутат өз баяндамасында.

Сонымен қатар ол Алаш көсемдерінің Кеңес үкіметімен терезесі тең Қазақ автономиясы деңгейінде келіссөздер жасай отырып, Тәуелсіз мемлекет құру идеясын жүзеге асыруға тырысқанын айтты.

«Алайда келісім де, сенім де ұзаққа бармады. Алаш үкіметі үш жылға жуық мерзімде таратылып, Алаш қайраткерлерін, олардың әулетін, отбасы мүшелерін ұзақ мерзімге созылған қуғындау – большевиктер үкіметінің қанқұйлы тәсіліне айналды. Алаш үкіметінің идеясын жарыққа шығарып, тәркіленген тарихымызды қалпына келтіру мүмкіндігі 1991 жылы ғана туды», - дейді ол.

Кешегі тарих пен бүгінгі келбетті салыстырған депутат болашаққа қадам басу үшін екі кезеңді ұштастырғанда ғана ұтатынымызды ескертті.

«Осы 25 жылда алаштанушылар саласы құрылды. Алаш тарихына байланысты мыңдаған мақалалар, зерттеулер жарық көрді. Бұл да Тәуелсіздіктің жарқыраған көрінісі. Тәуелсіздік, бостандық, тең құқықтық, жасампаздық біздің заманнан ұрпаққа қалдырар - асыл мұра, аманат. Өкінішке қарай, біз әлі күнге мемлекеттің тәуелсіздік идеясын жарнама деңгейінде ғана пайдаланып, оның ішкі мазмұнына терең бойлай алмай жатырмыз. Бейқамдығымыз басым. Тәуелсіздік алдық, ендігәрі осылай тұра береді деген ой көп. Осы мәселелерді қозғап, Елбасы халықтың санасына қозғау түсірген сол мақаласының (Рухани жаңғыру - авт) негізгі мақсаты да осыны ескерту, әр қазақтың санасына жеткізу. Жас ұрпақ санасына елін, ұлтын, ана тілін, Отанын сүюге тәрбиелеуді саяси насихат деп түсінеміз. Отаншылдық туралы әңгімені саясат деп қабылдаймыз», -дейді ол.

Сонымен қатар Қуаныш Сұлтанұлы бүгінгі таңда мемлекеттік тілді менсінбейтіндердің көбейгенін айтты.

«Өз алдымызға мемлекет болып, өз тілімізге мемлекеттік тіл деп мәртебе беріп, қазақ мектептерін көбейтіп, ЖОО қазақ тіліндегі мәндерді тиімді етуге пәрмен беріп тұрған дәуірде үлкені бар, кішісі бар әлі күнге көп отандастарымыздың қазақ тілінде сөйлемей, сөйлегісі келмей жүргені ұлттық сананың төмендігі дер едім. Кейде тіл мәселесіне біреу кінәлі, билік пен үкімет кінәлі деп жатады. Бұған әрбір азаматтың өзі жауапты екенін түсінер жағдайға жете алғанымыз жоқ. Алаш идеясын зерттеуде алаштанушылар мен ғалымдар, бүкіл қоғам болып, ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеруіміз керек», - дейді депутат.