24 мам, 2021 сағат 13:30

Sulpak маңында оталған ағаштар: сот үкімі шықты


Алмалы аудандық соты Sulpak дүкенінің маңында оталған ағаштарға қатысты іске үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сот ЖК өкілі Жанна Нұртаеваға қатысты істі ҚР ҚК 339-бабы, 1-бөлігі "Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi бар түрлерін жою" бойынша қарады.

Қызыл кітапқа енген емен ағаштарын кесу ісі бойынша күдікті деп танылған Жанна Нұртаева айыппұл төлейтін болды. 

"Сот Жанна Нұртаеваны Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, 1500 АЕК мөлшерінде, яғни 4 миллион 167 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындады. Айыппұлды төлеу мерзімі заңды күшіне енгеннен кейін екі ай деп белгіленсін", - деді сот.

Бұған дейін, сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан кінәліге бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.

«Айыпталушы бұл жұмыспен жылдар бойы айналысып келді. Ол жасыл желектерді кесуге тыйым салу туралы заңды білуі керек. Пробациялық бақылау орнатып, кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды және 4 жылға соттауды сұраймын», - деді прокурор. 

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, соттан 339-бапты 340-бапқа ауыстыруды сұраған еді. 

«Менің кәмелетке толмаған балаларым және қарт ата-анам бар, бұл шешім олар үшін үлкен соққы болады. Алматы тұрғындарынан жасаған ісім үшін кешірім сұраймын. Мұны ескеруіңізді өтінемін, құрметті судья. Кешіріңіз. Мен енді не істегенімді түсіндім. Мен әлі жаспын, сондықтан Алматы үшін көп нәрсе жасауға тырысамын. Ағаш отырғызамын, көгалдандыру жұмыстарына атсалысамын. Мен өзімді ақтап жатқан жоқпын. Бірақ сізден жазаны жеңілдетуіңізді сұраймын. Менің кішкентай балаларым бар, менен басқа оларды тәрбиелейтін ешкім жоқ», - деді Жанна Нұртаева. 

Еске салайық, былтыр 23 қараша күні Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді. 

Кейін Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. 

Мемлекет басшысы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды. 

Ал, биылғы жылдың наурызында Sulpak дүкені алдындағы ағаштардың оталуына қатысты іс сотқа берілді.