10 шіл, 2019 сағат 13:03

Суханбердиева соттан кейін немен айналысатынын айтты

Сот залынан босатылғаннан кейін Эльмира Суханбердиева алдағы уақытта қандай қызметпен айналысатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тілшілер қауымы Э. Суханбердиевадан қандай салада жұмыс істеуге ниетті екенін сұрады.

«Кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік бар, сондай-ақ ұстаздық етуге болады», - деді ол.

Сонымен қатар, ол сот үкіміне шағым түсіру үшін Жоғарғы сотқа жүгінуге ниетті екенін атап өтті.

Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваға қатысты сот үкімі шықты.

Оған 2500 АЕК көлемінде айыппұл тағайындау шешімі шығарылды. Жалпы, ол 5 948 900 теңгені төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік ұйымдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Эльмира Суханбердиева сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды және 2 айға қамауға алынды.

9 шілде күні сот отырысы өтіп, ол өз кінәсін мойындады.