24 қар, 2017 сағат 11:46

Суға деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек - Жеңіс Қасымбек

Суға және оның құндылығына деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің азаматтарын ауыз сумен қамтамсыз бойынша мемлекеттің мақсатты саясаты елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар, шешімін күткен бірқатар мәселелер де бар. Біріншіден бұл қоғамның суды тұтынуына қатысты. Суға деген әлеуметтік қатынас тұтынушылық пен ауыз судың экономикалық құны арасындағы сәйкессіздікке әкелді. Бұл қоғамдық санада су құнының түсіп кетуіне себеп болды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, тарифтерді әлеуметтік тұрғыдан қалыптастыру су арналарын қаржыландырудың жетіспеушілігіне, жүйелердің жылдам тозуына, апатты жағдайлардың көбеюіне, судың азайып, сапасының нашарлауына түрткі болған.

«Сумен жабдықтау секторының одан әрі дамуы негізінен нарықтық қатынастарға толықтай қол жеткізумен байланысты. Дамыған елдерде су шаруашылығын басқару жүйесі «пайдалан және төле» қағидаты бойынша қалыптасқан. Біз суға және оның құндылығына деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек», - деді Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінде еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өтуде. Шараға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысуда.