21 сәу, 2020 сағат 14:07

Су тасқынымен күреске республикалық резервтен қосымша қаржы бөлінген жоқ

Су тасқынының алдын алу және салдарын жоюға республикалық, жергілікті резервтен қосымша қаражат шығындалған жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы уақытта Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары су тасқыны қаупіне байланысты бақылауда болған еді. Бүгінде Қостанай облысында су тасу кезеңін ешқандай проблемасыз өткіздік деп айта аламыз. Ақмола облысындағы ахуал тұрақталып, су тасқының шырқау шегі артта қалды. Су тасқыны өңір аумағында күрделі жағдайда өтті. Нұра өзенінен басқа барлық су тасқыны қаупі бар өзендерде су деңгейі сыни деңгейден жоғары болды. Жергілікті, сонымен қатар мемлекеттік органдардың тарапынан қабылданған шаралардың арқасында Ақмола облысында тұрғын үйлерді су басқан жоқ», - деді ол.

Министр орынбасарының атап өтуінше, Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасындағы бөгеттің жотасы арқылы құйылу 104 см-ды құрайды. Ал Петропавл су қоймасы 114,7 пайызға толды. Бұл ретте Петропавл су торабына жақын жерде «Челябі-Новосібір» республикалық маңызы бар автожолы учаскесінде және Заречный кентіндегі жергілікті маңызы бар автожол арқылы екі рет су жүрді. Сонымен қатар Есіл өзенінің жайылмасында, қаланың шетінде орналасқан саяжай учаскелерін су басу байқалады. 

«Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы тұрақты. Су тасқыны қаупінің өткен кезеңі туралы жалпы айтар болсақ, соңғы 3 жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан жол картасы айтарлықтай шығын жұмсамауға сеп болды. Бүгінгі күні төтенше жағдайдың алдын алу және жоюға республикалық та, жергілікті де қосымша қаражат бөлінген жоқ», - деді Юрий Ильин.