20 ақп, 2020 сағат 14:55

Ислам Әбішев пара алғаны үшін сотталды

Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев және «Қазақ күресі» дүниежүзілік федерациясы» халықаралық қоғамдық бірлестігінің бұрынғы вице-президенті Серік Түкиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевке және «Қазақ күресі» дүниежүзілік федерациясының бұрынғы вице-президенті Серік Түкиевке қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

«Әбішев пен Түкиев «Казбайлық Астана» ЖШС өкілі Шаймерденовтен «Соколов топтық су құбырын қайта құру және ауылдық елді мекендердің тарату желілерін қосу, екінші кезек» мемлекеттік сатып алуы бойынша шарт жасасқаны үшін өзінің сенімді адамдары арқылы 60 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді» делінген хабарламада.

18 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Әбішев пен Түкиевке тиісінше 5 және 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Аталған тұлғалар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.