Өңірлерде коронавирусты жұқтыру статистикасын әдейі бұрмалау жағдайы тіркелді ме? Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында тілшілердің бұл сұрағы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановқа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұндай фактілер болған жоқ. Бұрын медициналық статистика ай сайын жиналатын. Коронавирус пайда болғаннан кейін КВИ+ статистикасын күн сайын жинай бастадық. КВИ+ статистикасын апта сайын дүйсенбіде беріп отырған себебімізді түсіндірдік. Өзіңіз айтқандай, статистикамен ойнап отырған азаматтар жоқ», - деді Марат Шоранов.
Еске сала кетсек бүгін, яғни 27 қаңтар күні таңертең Қазақстанда коронавируспен ауырғандардың жалпы саны 181 117-ге жеткені хабарланған болатын. Ел ішіндегі індетті тоқтату үшін 1 ақпаннан бастап вакциналау басталады.
«Жалпы жыл соңына дейін 6 млн адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз. Алайда мұндай көлемдегі вакцина нарықта болуы керек. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцинация тегін болады. Елде вакциналауды мемлекет есебінен жүргізу қарастырылып жатыр. Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлінеді. Тиісінше вакциналау тегін болады», - дейді Марат Шоранов.