Қазақстанда былтыр шамамен 163 мың адам қайтыс болды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 мың адамға көп. Ұлттық статистика бюросының сайтында жарияланған мәлімет бойынша, елде былтыр адам өлімі 2019 жылмен салыстырғанда 22 пайызға көбейген.
Ұлттық статистика бюросының сайтында 2000 жылдан бергі адам өлімі көрсеткіші жарияланған. 163 мың – соңғы 20 жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Статистикаға сүйенсек, былтыр шілде айы ең ауыр ай болған, дәл сол кезде елде ауруханаларда орын қалмай, тұрғындар дене қызуын түсіретін дәрі таппай қиналған. Шілдеде түрлі себеппен 28 178 адам қайтыс болған, ал 2019 жылы 12 420 адам өлімі тіркелген.
Қазақстан үкіметінің ресми мәліметі бойынша, 2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирустан 2 626 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке коронавирус жұққанмен "өліміне басқа ауру себеп болды" делінген жүздеген адам өлімі қосылмаған. Бұдан бөлек, Covid статистикасына "коронавирус пневмониясынан" қайтыс болғандар саны да енгізілмеген.
Денсаулық сақтау министрлігі "коронавирус пневмониясына" шалдыққандар мен одан қайтыс болғандарды тамыз айынан бері бөлек есептеп келеді. Бірақ елде коронавирус пневмониясына шалдыққандар оның алдында да байқалған. Алты айдан астам уақыт ішінде елде 591 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады. Тамызға дейін одан қанша адамның қайтыс болғаны белгісіз.
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясын пневмонияның басқа түрлерінен ажырату қиындығын алға тартқан. Бірақ 2020 жылдың алғашқы алты жарым айында алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өкпе ауруына шалдыққандар санының 3,3 пайызға көбейгенін де мойындаған.
2020 жылдың 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында Қазақстанда 3 327 адам пневмонияның жалпы түрінен қайтыс болған.
Айта кетейік, Министрлік коронавирус пневмониясын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қысымынан кейін есептей бастаған.